Еріктілер Абай облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды

Еріктілер Абай облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды

Университетімізде Қазақстан Республикасы Президентінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауын жастар арасында талқылап насихаттау және Семей медицина университетінің волонтерлік істе белсенділік танытқан студенттерді марапаттау мақсатында жиын ұйымдастырылды. Басқосуға Абай облысы жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев, «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Толеуканов, оқытушылар мен білім алушылар қатысты. Бекітілген күн тәртібіне сәйкес Семей медицина университеті жалпы білім беретін пәндер кафедрасының оқытушысы Танакөз Жақыпова президент жолдауы туралы баяндама жасады. Өз сөзінде Танакөз Уалқанқызы құжатта маңызды жеті бағытқа назар аударылғанын айтып, әрқайсысына қатысты түйінді ойларға тоқталып өтті.

Абай облысы жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев та жолдауда қамтылған тақырыптардың өзектілігін атап өтті.
– Жолдауда «жастар» деген сөз он екі рет, «инвестиция», «жасанды интеллект» деген сөздер отыз, отыз бір рет айтылған. Осыған қарап-ақ жолдаудың мазмұны не жөнінде екенін бағамдауға болады,-дей келе сөзін медицина саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті жүйелі түрде қолданысқа енгізу қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді деген ойын жеткізді.

Университетіміздің жастары оқу мен қоғамдық жұмыстарды үйлестіріп белсенділік танытып келеді. Республикалық, аймақтық науқандарға үзбей қатысып көзге түсіп жүр. Биыл халықаралық деңгейде ұйымдастырылған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойының жоғары дәрежеде аталып өтуіне үлестерін қосуы осы сөзімізге дәлел. Он күнге жалғасқан тойда біздің волонтерлеріміз де шетелдік қонақтар мен еліміздің әр аймағынан келген меймандарға қызмет көрсетті.

Жиында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мерейтойында белсенділік танытқан университетіміздің волонтерлік ұйымының мүшелері Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлының алғыс хатымен марапатталды.