Орталық Азиядағы алғашқы Планетарлық денсаулық орталығы ашылды

Орталық Азиядағы алғашқы Планетарлық денсаулық орталығы ашылды

Семей медицина университетінің базасында Орталық Азия аймақтық Планетарлық денсаулық орталығы ашылды.

Орталықтың құрылуы — қазіргі жаһандық сын-қатерлерге тиімді жауап бере алатын орнықты денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық миссияның бір бөлігі. Мұндай сын-қатерлердің қатарына су ресурстарының сарқылуы, техногендік қауіптердің артуы, экологиялық жағдайдың нашарлауы, биологиялық әртүрліліктің азаюы және басқа да факторлар жатады.

Орталық планетарлық денсаулық саласындағы ғылыми зерттеулердің, білім беру бастамаларының және халықаралық ынтымақтастықтың жетекші алаңына айналмақ. Бұл — адам денсаулығы, экожүйелер және жалпы планета саулығын біріктіретін интегративті тәсіл.

Бүгінде әлемде планетарлық денсаулық бойынша 9 аймақтық орталық бар, алайда Орталық Азияда мұндай орталық алғаш рет ашылып отыр. Семейдегі аймақтық орталықтың ашылуы планетарлық денсаулықты нығайту ісіне өзіндік үлесін қосады.

Салтанатты ашылу рәсіміне университет басшылығы, Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, БҰҰ Даму бағдарламасының (ПРООН) өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, ДДСҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы серіктес жоғары оқу орындарының басшылары құттықтау сөздерін жолдады. Салтанатты бөлім барысында Семей медицина университеті мен БҰҰ Университетінің Бельгиядағы филиалы (UNU-CRIS) арасында меморандумға қол қойылды.