Білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық мәселесі және оның қоғамға әсері

Білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық мәселесі және оның қоғамға әсері

Білім беру – қоғамның ең маңызды институттарының бірі. Өйткені ол ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, жеке тұлғаның дамуына ықпал етеді және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің болашағын айқындайды. Алайда қоғамдық өмірдің кез келген саласы сияқты білім беру жүйесі де жағымсыз құбылыстарға тап болуы мүмкін, олардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Соңғы жылдары елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес тетіктерін жетілдіруге бағытталған жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ерекше назар адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарына негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға аударылуда. Бұл үдерісте білім беру мен ағартушылықтың рөлі зор. Семей қаласындағы жалпы дәрігерлік практика кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.А. Дюсупованың жетекшілігімен кафедра оқытушылары Г.Т. Камашева, Р.И. Фаизова, Т.И. Терехова, А.М. Хисметова, А.М. Досбаева және А.С. Джармухаметова 6–7 курс интерндері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру бағытындағы дөңгелек үстел өткізді. Осындай кездесулер барысында білім алушыларға сыбайлас жемқорлықтың мәні, оның қоғам мен мемлекет үшін тигізетін теріс салдары, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қарсы іс-қимыл жасау жолдары туралы түсіндіріледі. Мұндай бастамалар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.