Бүгін Әбуәли ибн Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университетінде Тәжікстан Республикасындағы «Қазақстан медицинасының күндері» аясында медициналық білім беру мен денсаулық сақтаудағы заманауи технологияларға арналған ғылыми-білім беру іс-шаралары мен шеберлік сабақтары өтті.
Іс-шара барысында Семей медицина университеті цифрлық денсаулық сақтау және жасанды интеллект саласындағы инновациялық әзірлемелері мен стартап-жобаларын таныстырды. Көрме аясында онкологиядағы медициналық қызметтерді цифрландыруға бағытталған жобалар, сондай-ақ UmitAI, KozAInek, YqpalAI және JYREK-AI шешімдері ұсынылды.
Тәжікстанда «Семей медицина университеті» КеАҚ атынан жасанды интеллект бойынша жобаларды таныстыруға медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Т.А. Назарова атындағы физиологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Сауле Рахыжанова жауапты болды.
Таныстырылымға университет білім алушылары қатысты: «Ересектер онкологиясы» мамандығы бойынша 2-оқу жылының дәрігер-резиденті Бақытбек Ақылбеков, «Стоматология» мамандығы бойынша 2-оқу жылының студенті Аделия Акимова, «Медицина» мамандығының 4-курс студенті Сернад Қалиев.
Заманауи дәрігерлерді даярлаудағы симуляциялық технологияларға да ерекше назар аударылды. Бағдарлама аясында «ХХІ ғасыр дәрігерін даярлаудағы симуляциялық технологиялар» тақырыбында шеберлік сабағы өтті. Оны оқу ісінің меңгерушісі, симуляциялық және білім беру технологиялары кафедрасының оқытушысы Жанар Смагулова өткізді. Шеберлік сабағы барысында қатысушыларға симуляциялық оқытудың мүмкіндіктері мен медицина мамандарын практикалық даярлаудың заманауи тәсілдері таныстырылды.
Семей медицина университетінің «Қазақстан медицинасының күндеріне» қатысуы университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетін таныстыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.

