2026 жылғы 16–28 қыркүйек аралығында Медицина және педиатрия мектебінің деканы Салтанат Есенгалиевна Узбекова «Медицина» және «Педиатрия» білім беру бағдарламаларының 1–5 курс білім алушыларымен кездесулер өткізді.
Кездесулердің негізгі мақсаты – 2026 жылғы Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының (БМЖМС-2026) күшіне енуіне байланысты енгізілген өзгерістермен білім алушыларды таныстыру.
Жаңа талаптарға сәйкес, бұған дейін үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы бойынша білім алып келген білім алушылар белгіленген тәртіпке сәйкес интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы бойынша оқуға ауыстырылады.
Сонымен қатар, білім алушыларға тиісті білім беру бағдарламасы бойынша оқу курсын толық аяқтағаннан кейін белгіленген үлгідегі медицина докторы (Doctor of Medicine, MD) дипломы берілетіні түсіндірілді.
Декан білім алушылардың сұрақтарына жауап беріп, білім беру процесін ұйымдастыруға, білім беру мазмұнына және оқу нәтижелері бойынша берілетін біліктілікке байланысты негізгі өзгерістерді жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ декан білім алушыларды «Семей медицина университеті» КЕАҚ-ның 2026–2027 оқу жылына арналған Академиялық саясатына енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен таныстырды.
Ерекше назар «Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау саясаты» бөліміне аударылды. Декан рұқсат рейтингісін (ОРД) қалыптастыруға және жиынтық бағалауға жіберу талаптарына қатысты өзгерістерді түсіндірді.
Жаңартылған талаптарға сәйкес рұқсат рейтингісі мына формула бойынша есептеледі: СДБ×0,8 +АФБОБ×0,2. Студенттің дайындық бағасы 80%-ды, ал аралық формативті бақылаудың орташа бағасы рұқсат рейтингі бағасының 20%-ын құрайды. Пән бойынша рұқсат рейтингі кемінде 50% болуы тиіс.
Сонымен қатар, Жазғы семестрді ұйымдастыру саясаты түсіндірілді. Жаңа оқу жылында жазғы семестр тек жазғы каникул кезеңінде өткізіледі.
Білім алушылар сондай-ақ «Білім алушылардың прогресі, курстан курсқа ауысуы, оқу нәтижелерін тану және сертификаттау» бөліміне енгізілген өзгерістермен таныстырылды. Аталған бөлімде ауыстыру GPA балы ұғымы енгізілген.
3 курс білім алушыларының білімін бағалауға ерекше назар аударылды
Кездесулердің маңызды бөлігі 3 курс білім алушыларының білімін бағалау тәртібін түсіндіруге арналды. Аталған рәсім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік құжаттарымен реттеледі. Декан 3 курс білім алушыларының білімін бағалауды әзірлеу, сараптау және өткізу жұмыстарын Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы (ҰТЕО) жүзеге асыратынын атап өтті. Бағалау нәтижесінің белгіленген шекті деңгейге сәйкес келуі немесе одан жоғары болуы білім алушыны 4 курсқа ауыстырудың міндетті шарты болып табылады. Белгіленген шекті деңгейден төмен нәтиже көрсетіп, оны кейінгі екі қайта бағалау барысында растамаған жағдайда, білім алушы академиялық үлгермеушілігі үшін «Семей медицина университеті» КЕАҚ-тан оқудан шығарылуға жатады.
Кездесулер барысында Академиялық адалдық саясаты және оны бұзғаны үшін қолданылатын жауапкершілік шаралары да қарастырылды. Білім алушыларға академиялық адалдық қағидаттарын бұзудың Университетте белгіленген талаптарға сәйкес елеулі салдарға әкелетіні түсіндірілді.
Бұзушылықтың сипатына қарай білім алушыларға тәртіптік шаралар, оның ішінде қатаң сөгіс жариялау немесе қайта қабылдау құқығынсыз оқудан шығару қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар, білім алушыларға Университеттің миссиясы, сондай-ақ «Медицина» және «Педиатрия» білім беру бағдарламаларының миссиялары таныстырылды.
Кездесулерді қорытындылай келе, декан жауапкершілікпен және адал ниетпен білім алу, академиялық адалдық қағидаттарын сақтау және жоғары нәтижелерге ұмтылу болашақ дәрігердің кәсіби қалыптасуының маңызды құрамдас бөліктері екенін атап өтті.
Мұндай кездесулер білім алушыларға білім беру үдерісіндегі өзгерістер туралы уақтылы ақпарат алуға, Академиялық саясат талаптарын түсінуге және оқу қызметін саналы түрде жоспарлауға мүмкіндік береді.

