2026 жылғы 11 қыркүйекте Ақтөбе қаласында халықаралық қатысумен «Заманауи хирургияның өзекті мәселелері» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция жұмысына Қазақстанның жетекші хирургтары мен трансплантологтары, сондай-ақ Беларусь, Оңтүстік Корея, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген мамандар қатысты. Іс-шара кәсіби тәжірибе алмасуға, хирургиядағы заманауи тәсілдерді талқылауға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды.
Конференция аясында хирургиялық қызметтің дамуына елеулі үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімі өтті.
Марапатталғандардың қатарында Шығыс Қазақстан өңірі, Семей қаласының атынан қатысқан профессор Ботабаев С. И. болды. Кәсіби еңбегі мен хирургияның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін оған облыс әкімінің Құрмет грамотасы және «Алтын скальпель» құрметті марапаты табысталды.
Хирургиялық пәндер кафедрасының ұжымы С. И. Ботабаевты лайықты марапатымен шын жүректен құттықтайды! Оған зор денсаулық, кәсіби табыс және хирургия саласын дамыту жолындағы еңбегіне толағай жетістіктер тілейміз!

