Зейнет жасындағы адамдарды алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйрету

Зейнет жасындағы адамдарды алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйрету

«СМУ» КеАҚ госпиталды хирургия кафедрасында «Күміс университет» жобасы аясында зейнет жасындағы қала тұрғындарына арналған ақпараттық-тәжірибелік іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – аға буын өкілдерінің медициналық сауаттылығын арттыру, өз денсаулығын бақылау дағдыларын қалыптастыру және күнделікті өмірде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша қажетті тәжірибелік білім беру.

Іс-шараны госпиталды хирургия кафедрасының MD, PhD, қауымдастырылған профессорлары М.Ә. Әуенов, С.Т. Абдрахманов және PhD докторы А.Е. Масалов ұйымдастырып, жүргізді.

Кездесу барысында қатысушыларға Damumed ақпараттық жүйесін тиімді пайдалану, медициналық ақпаратқа қол жеткізу және денсаулық көрсеткіштерін бақылау мүмкіндіктері туралы түсіндірме берілді. Сонымен қатар, үй жағдайында артериялық қан қысымын дұрыс өлшеу, алынған көрсеткіштерді бағалау және оларды жүйелі түрде бақылаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Тәжірибелік бөлімде алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға жарақат кезінде қан кетуді уақытша тоқтату мақсатында жгут салу техникасы көрсетіліп, оның орындалу тәртібі мен негізгі ережелері түсіндірілді. Қатысушылар мамандардың жетекшілігімен аталған әдісті тәжірибе жүзінде орындап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Іс-шара барысында медицина мамандары денсаулықты тұрақты бақылаудың, қан қысымын жүйелі түрде өлшеудің және төтенше жағдайларда алғашқы көмек көрсете білудің маңыздылығын атап өтті.

Осындай ақпараттық-тәжірибелік кездесулер зейнет жасындағы азаматтардың медициналық сауаттылығын арттыруға, денсаулығына жауапкершілікпен қарауына және күнделікті өмірде қажетті алғашқы медициналық көмек дағдыларын меңгеруіне мүмкіндік береді.

«Күміс университет» жобасы аясындағы бұл бастама аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қолдауға және олардың денсаулық сақтау мәселелері бойынша білімін жетілдіруге бағытталған.

Шара соңында қатысушылар өздеріне қажетті әрі пайдалы ақпарат алғандарын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта осындай мазмұнды кездесулерге қайта қатысуға ниет білдірді.

Жарияланды:
Рубрикалар: Категориясыз