2026 жылдың 23 қазанында «Семей медицина университеті» КеАҚ Жалпы білім беру пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым және «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының негізін қалаушы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 160 жылдығына орай «Әлихан Бөкейхан мұрасы – ұлттық қазына» атты пәндік халықаралық олимпиада өтті. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен университет ұжымы ұйымдастырған бұл ауқымды білім додасы білім алушылардың ғылыми әрі шығармашылық әлеуетін арттыруға және ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталды.
Олимпиада дәстүрлі оффлайн форматта және ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде өтті. Білім сайысы «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Қазақстан тарихы мен әлеуметтік-саяси білімдер» пәндері, сондай-ақ IT-чемпионат бағыттары бойынша 5 секциялық отырыста ұйымдастырылды.
Ауқымды халықаралық іс-шараға шетелден Өзбекстан Республикасының Әбу Әли Ибн Сина атындағы Бұхара мемлекеттік медицина институты мен Қарақалпақстан Медициналық институтының өкілдері белсене қатысты. Сонымен қатар еліміздің С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Т. Шарманов атындағы ҚазҰМУ, М. Оспанов атындағы БҚМУ, Қарағанды медицина университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Қазақ-Ресей медициналық университеті және «Семей медицина университеті» КеАҚ сияқты іргелі ЖОО-ларының, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Жезқазған, Талғар, Көкшетау, Өскемен, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Арқалық, Жетісай («Жанықұл») және Алматы (ҚДСБ ШЖҚ) жоғары медициналық колледждерінің студенттері мен командалары бақ сынады.
Тартысты да интеллектуалды білім бәсекесінің қорытындысы бойынша озық шыққан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар қатысушылар мен командалар арнайы дәрежелі дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
Бұл халықаралық олимпиада жастар үшін тек білім сынағы ғана емес, өз өресін кеңейтіп, тарихи таным мен заманауи ғылымды ұштастыратын бірегей интеллектуалды алаңға айналды. Алаш арысының өнегелі жолын дәріптеген бұл ауқымды дода қатысушылардың көшбасшылық қабілетін шыңдап, болашақ медицина мен ғылым саласының үздіктерін анықтауға жол ашты.

