Ташкент қаласында өткен Орта Азиялық халықаралық білім беру форумының ашылуында Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстанның, Тәжістанның, Қазақстанның, Пәкістанның, Турцияның білім және ғылым министрлері сөз сөйлеп, Орталық Азия елдерінің арасында білім, ғылым және инновациялар бағытындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік нығайып, студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми жобаларды әзірлеу саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде. Сондай-ақ, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, заманауи технологияларды енгізу және жоғары білім беруді халықаралық деңгейге көтеру аймақтық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуды талап ететіні атап өтілді. Бұл үдерісте университеттердің ғылыми әлеуетін біріктіру, озық тәжірибелерді өзара насихаттау және бірлескен бастамаларды қолдау өте маңызды.
Семей медицина университеті атынан Форумға академиялық және тәрбие жұмысы бойынша проректор Ж.К.Смаилова және ғылым бойынша проректор Д.М.Шабдарбаева қатысты. Форумдағы маңызды нәтижелердің бірі – Қарақалпақстан медицина институтымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы. Серіктестермен білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, академиялық мобильділік мүмкіндіктерін кеңейтуге, бірлескен ғылыми жобалар санын көбейтуге және білім беру сапасын жақсартуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Үргеніш мемлекеттік медицина институтымен өзара ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл шаралар Семей медицина университетінің академиялық және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.

