Дәстүрлі дін және деструктивті діни ағымдардың белгілері

Дәстүрлі дін және деструктивті діни ағымдардың белгілері

4 қараша күні Жалпы білім беру пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандарының және университетіміздің психолог маманы Жакупбекова Эльмира Айткалиевнаның қатысуымен «Медицина» және «Педиатрия» мамандықтарының 1-курс студенттеріне арналған «Дәстүрлі дін және деструктивті діни ағымдардың белгілері» тақырыбында ақпараттық-танымдық кездесу өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты – студент жастар арасында деструктивті діни ағымдар мен радикалды идеялардың таралуының алдын алу, жастардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі діни және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ студенттерді жат ағымдардың арбауынан сақтандырып, олардың бойында берік идеологиялық иммунитет қалыптастыру болып табылады.

Игі шара барысында Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары сөз сөйлеп, дәстүрлі діндердің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы орны туралы кеңінен түсіндірді. Мамандар деструктивті діни ағымдарға тән негізгі белгілерді, олардың психологиялық арбау әдістерін және әлеуметтік желілердегі жасырын қауіптерді нақты мысалдармен баяндады.

Сондай-ақ іс-шара аясында студенттерге радикалды ағымдардың шынайы бет-бейнесін, олардың қоғам мен жеке тұлғаға тигізер зардабын айқын көрсететін ақпараттық арнайы видеофильмдер көрсетілді. Видеофильмдегі шынайы өмірлік оқиғалар бірінші курс студенттеріне үлкен ой салып, тақырыптың маңыздылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Жиын қорытындысы бойынша Жалпы білім беру пәндер кафедрасының оқытушылары Садыкова Лиза Кәдірханқызы мен Табулдинова Гүлнұр Нұрланқызы келген қонақтарға алғыс білдіріп, мұндай ақпараттық-ағартушылық кездесулердің жас мамандарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызы өте зор екенін атап өтті және студенттерге діни ақпараттарды тек ресми, сенімді дереккөздерден алу керектігі ескертілді.

Жарияланды:
Рубрикалар: Категориясыз