2026 жылғы 4–5 қарашада Астана қаласындағы № 2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының базасында халықаралық мамандардың қатысуымен «Балалар гепатологиясының өзекті мәселелері және заманауи алгоритмдері» (Current Issues and Modern Algorithms in Pediatric Hepatology) атты ғылыми-практикалық шеберлік сабағы офлайн форматта өтті. Шеберлік сабағына «Балалар гастроэнтерологиясы» мамандығының резиденттері Қадыр Аяулым мен Малғаждарова Әйгерім м.ғ.к., доцент Тусупова Д. М. атындағы педиатрия кафедрасының ассистенті Абаева К.Д. жетекшілігімен қатысты. Іс-шара балалар гастроэнтерологиясы, гепатологиясы және гепатобилиарлық хирургия саласындағы жетекші отандық және шетелдік мамандардың басын қосты. Шақырылған халықаралық сарапшылар қатарында Үндістанның Ченнаи қаласындағы Dr. Rela Institute мамандары: балалар гастроэнтерологиясы, гепатологиясы және нутрициологиясы бөлімшесінің жетекшісі доктор Нареш П. Шанмугам және гепатобилиарлық хирургия мен бауыр трансплантациясы саласының маманы доктор Ашвин Раммохан баяндама жасады. Бірінші күні қатысушылар балалардағы бауыр ауруларын диагностикалау мен жүргізудің заманауи тәсілдерімен танысты. Бауырдың функционалдық сынамаларын түсіндіруге, портальды гипертензияға, аутоиммунды гепатитке, туа біткен портожүйелік шунттарға және Вильсон ауруына ерекше назар аударылды. Шеберлік сабағының екінші күні клиникалық консилиумға және күрделі клиникалық жағдайларды интерактивті талдауға арналды. Қатысушылар халықаралық сарапшылармен бірлесіп пациенттердің клиникалық деректерін талдап, заманауи диагностикалық және емдеу алгоритмдерін талқылады, сондай-ақ бауыр аурулары бар балаларды жүргізудің оңтайлы тактикасын айқындады. Аталған іс-шараға қатысу резиденттердің кәсіби дамуына, клиникалық ой-өрісін кеңейтуге, теориялық білімін тереңдетуге және балалар гастроэнтерологиясы мен гепатологиясы саласындағы практикалық дағдыларын жетілдіруге маңызды мүмкіндік берді. Халықаралық тәжірибе алмасу, өзекті клиникалық ұсынымдарды талқылау және балалардағы гепатологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи жетістіктерімен танысу ерекше құндылыққа ие болды.Осындай ғылыми-білім беру іс-шараларына қатысу болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыруға, кәсіби құзыреттерін дамытуға және балаларға медициналық көмек көрсету тәжірибесіне заманауи ғылыми негізделген тәсілдерді енгізуге ықпал етеді.

