Әскери кафедрада Наурыз мерекесі өтті. 28 наурыз күні әскери кафедрада Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Биылғы Наурыз ерекше маңызға ие болды, өйткені ол Рамазан айымен тұспа-тұс келді, бұл оған рухани мән мен айрықша салтанат сыйлады. Осы күні сондай-ақ бірлік пен қонақжайлықтың символы саналатын Ауызашар рәсімі өткізілді.Мереке жылы және қуанышты атмосферада өтті. Студенттер өз өнерлері мен қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық дәстүрлер мен аға буынға деген терең құрметін білдірді. Деканат өкілдері де шараға қатысып, студенттердің бастамаларын қолдады.Біздің 4114-топ та бұл іс-шараға қатысып, мерекелік атмосфераға өз үлесін қосты. Әсіресе, студентіміз Есмағамбетов Алиханның қобызда орындаған тамаша термесі ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрлеріне арналған театрландырылған көріністер қойылды. Олардың ішінде Ерулік, Арқантартыс сияқты ұлттық дәстүрлер көрсетілді. Бұл қойылымдар халқымыздың мәдени мұрасын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.Әскери кафедрада өткен Наурыз тек мереке ғана емес, дәстүрдің маңыздылығын, ата-бабаларға деген құрмет пен студенттер арасындағы бірлікті еске салатын мәні зор шара болды.
Әскери кафедра циклінің бастығы
“Семей медицина университеті”КЕАҚ
запастағы полковник Р. Мамықанов