14 наурыз қазақта көрісу күні, амал мерекесі. Бұл күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеп жатады. «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтайды. Бұл күні ең алдымен әулеттің үлкендеріне барып, сәлем беріп көрісіп жатады. Кәде-сыйлары да міндетті түрде бір-бірінің көңілдерін аулап, жаңа жылдың келуіне орай қуаныштарымен бөліседі. Көрісу күні Наурыз мейрамының бастауы деуге де болады. Адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышқан шағы. Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиген шақ.
Осы атаулы, ерекше мереке күнінің маңыздылығын ескерген Н.В. Шарова бастаған Абай облыстық Достық үйінің өкілдері Семей медицина университетіне келіп, жылы тілектерін білдіріп, көрісіп қайтты. Атаулы рәсімге академиялық және тәрбие жұмысы бойынша Басқарма Төрағасының орынбасары Ж.К. Смаилова, жалпы білім беру пәндері кафедрасының меңгерушісі Г.Т. Уранхаева басқарған оқытушылар құрамы мен университет әкімшілігі қызметкерлері қатысты.
Екі мекеме тарапынан бір-біріне деген ыстық ілтипаттарын сездіріп, жүргізіліп жатқан жұмыстар мен серіктестік әріптестік қызмет үшін алғыстарын білдірді.
Береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен!
Жалпы білім беру пәндері кафедрасы