Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы Жеңіс туралы мағлұмат беру, Отан үшін жан қиған ардагерлеріміздің ерлігін үлгі ете отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында, 6 мамыр 2023 жылы «Семей медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы әскери кафедрасының басшысы медицина қызметінің полковнигі Орынбасаров Шынғыс Оразмхаметович, тәрбие ісіне жауапты оқытушы медицина қызметінің подполковнигі Смаилов Нұрбек Саденович және әдіскер Жумагелдина Айнұр Сейтқалиевнаның жетекшілігімен, №3 Студенттер үйінде, студенттердің қатысуымен «Ұлы Жеңіс – Ұрпаққа аманат» атты тәрбиелік шара өткізілді.
Әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін, ешкім де ешқашан ұмытпақ емес деп басталған жиында Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық батырлардың есімдері аталып, студенттер олар туралы білетін мағлұматтарымен бөлісті, соғыс тақырыбындағы оқыған әдеби кітаптары жайлы әңгімеледі.
Әр адамға қажетті рухани қасиеттер дәріптеліп, өз Отанына, еліне деген патриоттық сезімге талдау жасалды.
Сұхбат түрінде өткізілген жиында барлық қатысушылар Отансүйгіштік адами құндылықтардан бастау алатынын, адами құндылықтар дегеніміз – мейірім, махаббат, әділет, адалдық, қанағат екенін айта отырып, өз ойларын тағылымы мол қанатты сөздермен ұштастырып отырды.
Іс-шара Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының: «Патриотизм дегеніміз – әке-шешеңді құрметтей білуің, ауыл-аймағыңды ардақтай білуің, өз ұлтыңды сүюің, ана тіліңді ардақтауың, өз халқыңның өткен жолы мен тарихын құрметтеп, оған тіл тигізбеуің және өз Отаныңды жаудан қорғауың» және «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз»,- деп ұрпағына айтылған өнегелі өсиетімен қорытыланды.
Парасатты қоғам құру, Қазақстандық балалардың тәрбиесін қалыптастыру – әрбір ұрпақ тәрбиелеушінің парызы деп есептейміз.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі», «Жақсы ұл – елдің туы» деп халқымыз айтқандай, ел ертеңін ойлайтын ер-азаматтарымыз көп болсын деп тілегіміз келеді.
Тәрбие жұмысына жауапты медицина қызметінің подполковнигі Н.Смаилов[/vc_column_text]
[/vc_column][/vc_row]