2025 жылдың 8-10 сәуірінде «Семей медицина университеті» КеАҚ Павлодар және Қарағанды қалаларында өткен «Bilimdi Keleshek – I» халықаралық білім көрмесіне қатысты.
Көрме Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарын, мектеп оқушыларын, колледж студенттері мен олардың ата-аналарын біріктірді. Көрмені қаладағы және оған жақын аудандардағы мектептердің 1900-ден астам түлектері тамашалады. Іс-шараның мақсаты – жастарды жоғары білім берудің заманауи мүмкіндіктерімен таныстыру және мамандық таңдауға көмек көрсету.
Семей медицина университетінің Қабылдау комиссиясы және Medical Foundation бөлімінің қызметкерлері көрме қонақтарына университетте оқудың артықшылықтары, білім беру бағдарламалары, студенттік өмір және халықаралық бағыттар туралы ақпарат берді.
Осындай көрмелерге қатысу университетке өңірлермен ынтымақтастықты нығайтуға, талапкерлермен кәсіптік бағдар беру жұмысын жақсартуға, оларға білім беру бағдарламалары мен заманауи білім берудің бірегей мүмкіндіктері туралы айтып беруге мүмкіндік береді.