25 сәуір 2024 жылы «Семей медицина университеті» КеАҚ әскери кафедрасында цикл бастығы запастағы медицина қызметінің подполковнигі Нұрбек Саденұлы Смаиловтың және запастағы медицина қызметінің подполковнигі Ардабек Тулеубековичтің жетекшілігімен «Стоматология» мамандығының 309 тобы мен «Жалпы медицина» мамандығының 4423 тобы студенттерімен Ұлы Отан соғысының батыры Қасым Қайсеновке арналған әскери-патриоттық шара өткізілді.
Студент Мусатаев Жандос өз презентациясында қазақтың бір туар азаматы,екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, аты аңызға айналған партизан, көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалаушы–Қасым Қайсеновтың өмірбаянына, жасаған ерліктеріне және соғыстан кейінгі қызықты деректерге тоқталып өтті. Оның жаужүрек әрекеттері қаншама адамның өмірін алып қалумен қатар, қаншама адамдарды еркіндік пен әділеттілік үшін күреске шабыттандырды, қиын кездегі халық күші мен табандылығының символы болды.Ол әркез әділдік, теңдік және шыншылдық ұстанымдарын жақтады, және де осы құндылықтар – оның ерліктерінің негізі болды.
Қасым Қайсенов соғыс жылдарындағы ерлігімен қатар, соғыстан кейінгі жылдары қазақ әдебиетіне де, ауыл шаруашылығына да қосқан үлесі үлкен.
Іс-шара соңында Қ.Қайсеновтың қызметінің мұрасы мен маңызы студенттермен талқыланды.
Нағыз батырлар қиын-қыстау кезінде туады және де ең күшті адамдық қасиеттердің көрінісін көрсете біледі.
Біздер үшін бұл іс-шара – шабыт пен даналықтың қайнар көзіндей болды, сол үшін де Нұрбек Саденұлына және Ардабек Тулеубековичке үлкен алғысымызды білдіреміз!
Әскери кафедраның 309, 4423 топ студенттері