Медициналық оңалтуды ұйымдастыру стандартындағы өзгерістерді талқылау бойынша дөңгелек үстел

Медициналық оңалтуды ұйымдастыру стандартындағы өзгерістерді талқылау бойынша дөңгелек үстел

2025 жылғы 24 қаңтарда Абай облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды абилитациялау және оңалту орталығында орналасқан педиатрия және медициналық оңалту кафедрасының базасында медициналық оңалтуды ұйымдастыру стандартындағы өзгерістерді талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті. Бұл стандарт Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 65 бұйрығымен бекітіліп, 2024 жылғы 20 желтоқсандағы № 109 бұйрығымен толықтырылды.

Іс-шара кафедра меңгерушісі, м.ғ.к. Алимбаева А.Р. мен кафедра ассистенті Даирбеков Е.Е. жетекшілігімен өтті. Дөңгелек үстел жұмысына «Физикалық медицина және оңалту» мамандығы бойынша 1 және 2 курс резиденттері қатысты.

Іс-шараның негізгі бөлігін 2 курс резиденттері дайындаған презентация құрады. Презентация барысында стандарттың ескі және жаңа редакцияларының арасындағы айырмашылықтар көрнекі түрде көрсетілді. Негізгі өзгерістер атап өтілді: қосылған, алынып тасталған және жаңартылған тармақтар, сондай-ақ оңалту үдерісін жақсартуға бағытталған өзгерістер.

Презентациядан кейін резиденттер мен оқытушылар арасында белсенді талқылау өтті. Қатысушылар стандарттағы өзгерістердің медициналық көмек сапасын жақсартудағы маңыздылығын атап өтіп, оларды клиникалық тәжірибеде іске асыру мәселелерін талқылады.

Мұндай іс-шаралар болашақ мамандардың білімін және дағдыларын жетілдіруге ықпал етіп, өзекті өзгерістерді түсінуде белсенді атсалысуға мүмкіндік береді.

Педиатрия және медициналық оңалту кафедрасы барлық қатысушыларға өнімді талқылау және жоғары белсенділік үшін алғысын білдіреді!

Жарияланды:
Рубрикалар: Дөңгелек үстелдер